Жаңа жыл түніндегі полицейдің жауапкершілігі
Мереке – қуаныш пен шаттыққа толы сәт. Алайда бұл күндері тәртіп сақшыларының жауапкершілігі еселене түседі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – олардың басты міндеті. Жаңа жыл түнінде қызметтің ерекше қарбалас болатынын Астана қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция полкі аға кезекші-инспекторы Айдос Нышанов былайша жеткізеді:
– Біздің негізгі міндетіміз – қоғам тәртібін қадағалау. Мереке күндері бұл жұмыс күшейтілген режимде жүзеге асырылады. Әсіресе, Жаңа жылдың алғашқы түнінде шақыртулар саны күрт өседі, – дейді ол.
Айдос Нышанов төрт жыл қатарынан Жаңа жылды қызмет бабында қарсы алып келеді. Бұл жылдары түрлі жағдайларға куә болып, әртүрлі оқиғалардың ортасында жүргенін айтады. Бірде 31 желтоқсан түні патрульдеу кезінде әйел адамның көпшіліктің арасында жылап жүргенін байқап, дереу көмекке ұмтылған. Белгілі болғандай, ол екі қызын жоғалтып алған екен. Полицей балалардың аты-жөні мен суреттерін сұрап, іздестіруге кіріскен. Тәртіп сақшысының жылдам әрекетінің арқасында қыздар анасымен қауышқан.
– Осындай оқиғалар жыл сайын болып тұрады. Әрқайсысы ерекше жауапкершілік пен сезімталдықты қажет етеді, – дейді Айдос.Полицей болуды бала кезінен армандаған Айдос бүгінде қоғамдық тәртіпті қадағалауда он жылға жуық тәжірибе жинақтады. Осы уақыт ішінде ол қарулы қылмыскерлерді құрықтау, мас жүргізушілерді тоқтату сынды оқиғаларға талай рет қатысқан.
Қызметтегі жауапкершілігімен қатар, тәртіп сақшысы жастар тәрбиесіне де ерекше мән береді. Уақыты болған кезде мектептерге барып, оқушыларға жол жүру ережелерін түсіндіреді. Айдос – екі баланың әкесі. Ол болашақта балаларын да өз жолын жалғастырып, халыққа адал қызмет ететін абыройлы тәртіп сақшылары ретінде көргісі келетінін айтады.
Жаңа жыл қарсаңындағы полицейдің жұмысы – тек тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар адамдардың амандығын қамтамасыз етіп, оларға көмек қолын созу. Қызметке деген адалдық пен жанашырлықтың үлгісі ретінде Айдос Нышановтың еңбегі зор.