Жаңаарқада Ұлттық ұлан батыры Айбат Амановты еске алуға арналған турнир өтті
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұлан жауынгері Айбат Амановты еске алуға арналған үш күндік бокс турнирі өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айбат қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан еді. Турнирге Жаңаарқа, Шет аудандары мен Ақадыр кентінен келген жүзге жуық жас спортшы қатысты. Бес салмақ дәрежесінде 60-тан астам медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Спортшыларды марапаттау рәсіміне батырдың ата-анасы, ардагерлер, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, аудан әкімдігі мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Айбат Амановтың отбасы тағайындаған арнайы сыйлық 63 келіге дейінгі салмақта жеңіске жеткен Еламан Хайнилзаятовқа бұйырды. Биылғы турнирде алғаш рет қыз боксшылар да марапатқа ие болды.
– Айбат Аманов сынды қаһармандар – тек ауданымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Турнирдің 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай өткізілуінің де ерекше мәні бар. Жастар осындай ержүрек ұлдардан үлгі алуы керек. Бұл турнир балаларға тек жағымды әсер ғана емес, сонымен қатар баға жетпес тәжірибе сыйлады. Алдағы уақытта дәстүрлі турнирге айналатынына сенемін, – деді “Amanat” партиясының аудандық филиалының төрағасы Амангелді Түсіпов.
– Бұл турнир үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Бұған дейін арнайы сыйлық тек ұлдарға берілетін. Биыл қыздар да жоғары деңгейде өнер көрсеткен соң, оларды да ынталандыруды жөн көрдік. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан басшылығына алғысымыз шексіз. Бұл турнир жыл сайын ұйымдастырылып, болашақта республикалық деңгейге шығатынына сенемін, – деді жауынгердің анасы Гүлназ Әлкенқызы.
Қызмет барысында ерлік танытқаны үшін Айбат қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен III дәрежелі “Айбын” орденімен, сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен “Ұлттық ұлан қызметінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды.