Жаңақорғанда пробация есебінде тұрған жастармен кездесу өткізілді
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған жастармен кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуге пробация есебінде тұратын 29 жасқа дейінгі сотталған азаматтар қатысты. Іс-шара барысында пробация қызметі мен Жастар ресустық орталығының бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, орындалатын жұмыстар пысықталды.
Сонымен қоса кездесуде пробация қызметінде есепте тұрған жастарды қоғамға бейімдеу, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік және құқықтық көмектер көрсету мен өзге де көмек түрлерін ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жиын соңында орталықтың директоры Н.Орынбасаров қайырымдылық жасаумен айналысатын еріктілер тобына қосылған есептегі азаматты волонтерлік топ жетекшісі етіп бекітті.
– Мені жаза басып, жаңылған азамат деп бөлмей, үлкен жауапкершілік жүктегені үшін орталық директорына ризамын. Аудандағы сауапты істерге өз үлесімді қосып, мұқтаж жандарға қолымнан келгенше көмек көрсетуге дайынмын, – деді есептегі азамат.