Жаңақорғанда жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы кент орталығындағы Б.Майлин көшесінде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ашылу салтанатына Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Сыздықов Семсер, полиция бөлімінің басшылығы және аймақтық учаскелік полиция инспекторлары қатысты. Аталмыш учаскелік полиция пункті азаматтардың қажеттіліктері, учаскелік полиция инспекторларының функционалдық міндеттері ескеріліп, қажетті жиһазбен, техникамен, байланыс құралдарымен жабдықталған. Екі бөлмеден тұратын ғимараттың ауданы 16,7 шаршы метрді құрайды. Атап айтқанда, азаматтарды қабылдау бөлмесі, аға учаскелік полиция инспекторының қызметтік бөлмесімен қамтылған. Қызмет көрсетілетін учаскеде халық саны 6 мыңнан астам.
– Полицияның сервистік моделінің басты тұлғасы ретінде учаскелік полиция инспекторларына басты рөл беріліп отыр. Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторларының жұмысына барлық жағдай жасалуда” – деді полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Н.Кордабаев.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларының рөлі зор. Олар халықпен күнделікті тікелей байланыста, азаматтарға оқыс жағдайда бірінші болып көмекке келіп, қастарынан табылады, оларды алаңдататын мәселелерді біледі, заңды шешуге тырысады, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады.
Учаскелік инспекторларлар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша белгілі бір аумақтағы қылмыстарды болдырмау үшін күнделікті жұмыс атқарады. Жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуы олардың маңызды қызмет атқаруына, қызметке деген ынта-жігерлерінің артуына, қызмет сапасының жоғарылауына өз септігін тигізбек.