«Жар таңдаудан да, мамандық таңдаудан да қателеспедім» – Алтынбек Өскенбаев
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынбек Өскенбаевтың отбасы және қызмет жолынан ақпарат ұсынады.
2000-2002 жылдар аралығында әскери борышын Орал қаласында өтеп, ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылы Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде күзет бөлімінің бақылаушысы болып бастаған ол қазіргі таңда әділет подполковнигі шенінде мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. 1978 жылдың 30 қаңтарында Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1985-1995 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №212 орта мектепті бітіргеннен кейін, Павлодар қаласындағы Ішкі істер министрлігінің Заң колледжін құқықтану мамандығы бойынша сырттай білім алып шыққан.
Өзінің келешек мамандығын қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етумен байланыстырған жас маман 2009-2013 жылдар аралығында Қостанай заң академиясын аяқтаған. Қатардағы бақылаушы лауазымынан, мекеме бастығының орынбасары, подполковник шеніне дейін аянбай еңбек етуі арқасында бірнеше медаль, құрмет грамоталарымен награтталған. 2005 жылы Аян есімді арумен отбасын құрып, бүгінде Талшын, Бірлік, Инабат есімді ұл-қыздарына тәлім-тәрбие беруде. Жұбайы Аян Алтынбектің жұмысына үлкен түсіністікпен қарайды. Тұңғыш қызы Талшын – Қызылорда қаласындағы Білім иновация лицейін 2024 оқу жылында алтын белгі иегері атағымен тәмамдады. Сонымен қатар республикалық Code-W жарысының 1-орын иегері. ”Елбасы медалі” жобасының қола медаль иегері. Басқа да жетістіктері көп. Кенжесі Инабат – Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 5-сыныбын үздік аяқтады.
Жары Аянның да жетістіктері аз емес. Ғылым жолын таңдаған аяулы жар Қазан қаласындағы Ресей федералдық университетінің психология-педагогика мамандығында докторантура деңгейіне дейін білім алған. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде психолог маман. 3 диплом иегері. Отбасының ауыз толтырып айтар жетістігін қылмыстық-атқару саласының маманы өзінің қолдауының арқасында деп біледі.
– Заман талабына сәйкес алынған білім – халықтың игілігіне жаратылып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуы керек. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Сол себепті білім алуға құйылған инвестицияның қашанда қайтарымы болады. Оның дәлелі – өмірлік жарымның республикалық деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман болуы, балаларымның үздік деп танылған оқу орындарында білім алып, жақсы жетістікке жеткені деп білемін.
Қызметте де, отбасында да үлкен абыройға ие әке мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да қателеспегенін айтып, бұл қызметтің қатал тәртіпті талап ететінін тілге тиек етті.