Жарты тонна балық аулаған төрт тұрғын ұсталды
Алматы облысында жарты тонна заңсыз балық тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Ұйғыр ауданының полицейлері табиғат қорғау органының қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Іле өзенінің бойында заңсыз балық аулап жүргендерді анықтаған.
Табиғат қорғаушылардың жақындағанын көрген браконьерлер оқиға орнынан қашып, бой тасалаған.
– Жоғары жылдамдықпен жүретін қайығы бар браконьерлер өзен бойын жағалай қашып, ұзап кетті. Бірнеше шақырымнан кейін олардың қайықтары су жағасынан табылды. Дегенмен, күдіктілер оқиға орнынан белгісіз бағытта кеткені анықталды. Олардың қайықтарынан қылмыс құралдары, заңсыз аулаған балықтары мен олардың жеке заттары табылып, тәркіленді. Араға аз уақыт салып, күдіктілердің өздері де табылды. Олар Панфилов ауданының 17 пен 25 жас аралықтағы төрт тұрғын болып шықты, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Бағдат Әшімов.
Балық аулаушылардың екі темір қайығы мен тоқ шығаратын екі моторлары, электр қармақтарының құрал-жабдықтары тәркіленген. Сондай-ақ, қайықтан браконьерлердің телефондары мен киім-кешектері және жарты тоннадан астам балық табылған.
– Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы айғақ заттарды тәркіледі,- деп толықтырды Бағдат Әшімов.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын тәртіп сақшылары Іле өзенінің бойында электр қармағымен балық аулаған басқа тұлғаны құрықтаған болатын. Тыйым салынғанын қарамастан, заңсыз пайда табуға тырысқан қаскөйлердің қандай қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын сот органдары анықтайтын болады.