Жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан петропавлдық қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан Петропавл тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жуырда Петропавл қаласында мас ер адам «102» арнасына хабарласып, Заводская көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінде жарылғыш затпен тұрғаны туралы жеткізген. Хабарламаға патрульдік полиция батальоны қызметкерлері, жарғыштехниктер және басқа жедел қызметтердің өкілдері ден қойды. Ер адам аталған үйдің маңынан ұсталды. Тексеру кезінде жарылғыш зат анықталған жоқ. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 38 жастағы қала тұрғыны орта деңгейдегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Жалған терроризм фактісі бойынша құқық қорғау органдарының жедел ден қою қызметтерін тартуға тура келеді. Мұндай оқиғалар объектілердің жұмысын тоқтатып, мүлік иелеріне материалдық шығын келтіреді, ғимараттарды тексеру үшін адамдар сыртқа шығарылады, бұл олардың алаңдауына әкеледі. «Телефон терроризмі» үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес ірі көлемдегі айыппұлдан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделгені туралы еске саламыз, – деді Петропавл қалалық Полиция басқармасы Екінші бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.