Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жас буын – ел тыныштығының кепілі

Абай облысында ішкі істер органдарына жас мамандарды қабылдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаменті азаматтармен, әсіресе құқық қорғау қызметіне қызығушылық танытқан жастармен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып келеді. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – ішкі істер органдарындағы қызметтің маңыздылығы мен жауапкершілігі жөнінде кеңірек түсіндіру және осы салада қызмет етуді қалайтын жастарға нақты бағыт-бағдар беру.

Әсіресе, Семей қаласындағы әскери бөлімдер мен әскери-техникалық оқу орындарында әскери борышын өтеп жатқан жастарға ерекше назар аударылуда. Олармен өткен кездесулерде Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі бос лауазымдар, жұмысқа орналасу тәртібі мен қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпарат ұсынылады.

Жыл басынан бері бұл бағытта екі кезең аясында 72 үміткер бастапқы кәсіби даярлықтан өтуге жолданған. Қазіргі таңда үшінші кезең бойынша конкурс жарияланып, 44 үміткерден құжаттар қабылданып жатыр. Бұл көрсеткіштер өңір жастарының құқық қорғау қызметіне деген ынтасының артып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар үміткерлерге кәсіби бағдар беру, олардың психологиялық тұрақтылығы мен дене дайындығын арттыру бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Қабылдау талаптары мен іріктеу кезеңдері ашық және әділ түрде түсіндіріліп келеді.

Бұл бастама – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Болашақта білікті, елге адал қызмет етуге дайын кадрлардың полиция қатарына қосылуы құқықтық тәртіпті күшейтуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосатыны анық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру