Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жас Мадиярдың таңдауы: әке жолы мен елге қызмет

Полиция аға лейтенанты Айдос Мырзабековтің ерлігі ел есінде мәңгі сақталып қалды. Бүгінде батырдың ұлы Мадияр әке жолын жалғап, ішкі істер органдарында қызмет етуді мақсат етіп, Алматы академиясына оқуға қабылданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

2015 жылдың 6 желтоқсанында қызметтік борышын орындау үстінде полиция аға лейтенанты Айдос Мырзабеков жол-көлік апаты салдарынан қаза тапты. "Қару" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Бөлек ауылына іссапарға аттанған ол ерлікпен өмірден өтті. Қызметке адалдық пен Отанға шынайы сүйіспеншіліктің үлгісін көрсеткен батыр полицейдің есімі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Айдос Серікжанұлының ұлы – Мадияр Серікжан да әке жолын жалғауды арман етіп өсіп келеді. 2007 жылдың 6 желтоқсанында дүниеге келген ол бүгінгі күні Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы В. Терешкова атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы. Үздік үлгерімімен көзге түскен Мадияр бала күнінен-ақ ішкі істер органдарында қызмет етуді өзіне мұрат тұтқан.

Бүгінде  ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен Мадияр Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына жедел-іздестіру қызметі мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Академияға құжаттарын тапсырмас бұрын ол әкесінің қызмет еткен бөлімшесіне арнайы барып, Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы жанындағы Даңқ аллеясында тағзым етті. Бұл қадам – әке аманатына адалдығының айқын дәлелі әрі үлкен өмір жолына нық қадам басқанының белгісі.

Бұл – жас түлектің орындалған арманы ғана емес, әкесінің рухына тағзым, оның Отанға адал қызметін лайықты жалғастыруға деген берік серті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру