Жас полицейлер елордалық Достық үйіне барды
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай полиция қызметкерлеріне елордалық Достық үйінде экскурсия өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Астанадағы Достық үйі 2018 жылдың шілдесінде ашылған. Оның басты мақсаты – жалпыұлттық бірлікті нығайту, қаладағы этникалық топтардың дәстүрлерін, тілдері мен мәдениеттерін сақтау.
Мұнда тәртіп сақшылары елімізде өмір сүретін ұлттар мен ұлыстардың ұлттық киімдерін, әшекейлерін және түрлі бұйымдарын көрді.
– 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауды көздейді. Еліміздегі ұлттардың тату-тәтті болуы маңызды, – деді үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкері Нұрлан Байтаков.
– Бізде түрлі ұлт өкілдері қызмет етеді. Бәріміздің міндетіміз бір. Біз түріміз, тіліміз, дініміз басқа деп бөлінбейміз. Негізгі мақсатымыз – бірлікте өмір сүру, – деді үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкері Шыңғар Қыдырбек.