Жас сарбаздарды әскерге шақыру: ҚР ІІМ Ұлттық ұланындағы ведомствоаралық кеңес өтті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланында 2025 жылғы жас сарбаздарды әскерге шақыруды ұйымдастыруға арналған ведомствоаралық кеңес өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиын барысында бөлімдерді жасақтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жайы талқыланып, шақырту науқаны кезінде туындайтын мәселелер талданды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылғы 22 мамыр мен 30 маусым аралығында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қатарына 7 мыңнан астам азамат шақырылмақ. Оның ішінде шамамен 5 мың сарбаз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін әскери бөлімдерге, атап айтқанда еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында орналасқан бөлімдерге жіберіледі.
Ішкі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Астана қаласындағы 5573, Алматы қаласындағы 5571, Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімдерінің мерзімді әскери қызметшілеріне ерекше рөл жүктеледі. Аталған бөлімдердің жеке құрамы күнделікті құқықтық тәртіпті сақтау, мемлекеттік, қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік іс-шараларды қадағалау және қауіпсіздікті қорғау бойынша міндеттерді орындайды. Жеке құрамның жеделдігі мен төзімділігіне қойылатын талаптардың артуына байланысты, әскерге шақырылушыларды іріктеу кезінде физикалық параметрлері ескеріледі, таңдау көбіне бойы 175 см және одан жоғары жастарға түседі.
Кеңес барысында құқықтық тәртіп әскерінің өкілдері жергілікті атқарушы органдармен, қорғаныс істері жөніндегі департаменттермен және құқық қорғау құрылымдарымен тығыз әрі үйлесімді жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті. Тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл – шақырту науқанын сәтті өткізу, бөлімдерді дер кезінде жасақтау және іріктеу мен жөнелту кезінде туындайтын қиындықтарды жоюдың негізгі факторы саналады.
Айта кетейік, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы шақырту науқанын жетілдіру, барлық рәсімдердің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Отан игілігі үшін қызмет ететін жеке құрамды сапалы жасақтау жұмысын одан әрі жалғастыра бермек.