"Жасөспірім" іс-шарасы: Атырауда полиция қызметкерлері есірткіге қарсы профилактикалық кездесу өткізді
"Жасөспірім" іс-шарасы: Атырауда студенттермен есірткіге қарсы профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы университетте жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған "Нашақорлық және есірткісіз қоғам" атты тақырыптық кездесу өтті. Іс-шара "Жасөспірім" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер мен студент жастарға есірткі құралдарының зияны туралы кеңінен ақпарат беру, заңсыз айналыммен байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстық жауапкершілікті түсіндіру, сондай-ақ құқықтық сана мен теріс әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру.
Кездесуге Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Нұрлыбек Даралиев пен кеңес мүшесі Әділет Сабитов арнайы шақырылып, студенттермен ашық сұхбат өткізді.
Сарапшылар жастарға психотроптық және есірткі заттарының адам ағзасына келтіретін зияны, олардың заңсыз айналымы кезінде туындайтын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік жөнінде толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар нашақорлықтың жеке тұлға мен қоғам үшін аса қауіпті салдары мен қауіп-қатері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Мұндай іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізеді.