“Жасөспірім” ЖААІШ: Алматыда 200-ге жуық құқық бұзушылық анықталды
Алматыда республикалық “Жасөспірім” жедел алдын алу іс-шарасы басталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың 10 сәуірі мен 6 мамыры аралығында Алматы қаласында “Жасөспірім” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, әлеуметтік қауіпті жағдайдағы отбасыларды анықтау.
Жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген алғашқы күннің өзінде 183 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Түнгі уақытта 179 жасөспірім заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүргені үшін қала көшелерінде ұсталды. Балалардың түнгі уақытта үйлерінен тыс болуына жол бергені үшін 175 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 22 ата-ана бала тәрбиесінде өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Кәмелетке толмаған 4 бала қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Бала тәрбиесімен айналыспайтын 6 ата-ана және 4 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне қойылды.
40 ойын-сауық мекемесі тексеріліп, оның 8-інде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болғаны тіркеліп, иелері жауапқа тартылды.
— Балалардың іс-әрекетіне жауапкершілік бірінші кезекте ата-анаға жүктеледі. Полиция кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, бірақ негізгі тәрбие отбасында. Жасөспірім түнде көшеде жүрсе - бұл дабыл қағатын жағдай. Біз ата-аналарды балаларына мұқият болуға және олардың қайда және кіммен уақыт өткізетінін білуге шақырамыз. Әрбір ересек адам тәрбие беру тек мектеп немесе полицияның жұмысы емес екенін түсінгенде ғана біздің күш-жігеріміз нәтижелі болады. Бұл бүкіл отбасының және жалпы қоғамның жауапкершілігі, - деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Алматы полициясы құқық бұзушылықтың алдын алу мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, “Жасөспірім” жедел алдын алу іс-шарасы аясында жұмысын жалғастырады.