“Жасөспірім” ЖПІШ: Алматыда 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталды
Алматыда 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда 10 сәуірден бастап 6 мамырға дейін жалғасатын “Жасөспірім” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, панасыз және қараусыз қалған жасөспірімдерді анықтау, отбасылар мен жастармен профилактикалық және тәрбиелік жұмыстарды жүргізу. Іс-шараның алғашқы бес күнінде қалалық полицейлер нақты нәтижелерге қол жеткізді.
— Осы кезеңде ювеналды полиция бөлімшелері 814 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген 731 жасөспірім ұсталды. Осы үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 642 заңды өкіл жауапқа тартылды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 19 кәмелетке толмаған жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Сондай-ақ қосымша бақылауды қажет ететін 22 ата-ана мен 14 жасөспірім есепке алынды. Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін барлығы 67 адам жауапқа тартылды, - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Көңіл көтеру орындарына, интернет клубтарға және жасөспірімдер көп жиналатын орындарға ерекше назар аударылады. Бес күн ішінде 121 мекеме тексеріліп, 15 жағдайда кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта кіргізген ғимараттың әкімшілігі жауапкершілікке тартылды.
— Жұмыс қаланың әр ауданында жүйелі түрде жүргізілуде. Біз білім және басқа да құрылымдардың өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ең бастысы жазалау емес, дер кезінде араласып, келеңсіздіктердің алдын алу. Алдын алу жылы аясында бұл жұмыс одан әрі жандана түседі, - деді Серік Шумаев.
Полиция қызметкерлері, ата-аналар мен заңды өкілдерін балаларының бос уақытын тиімді өткізуге және олардың араласатын ортасына көбірек көңіл бөлуге шақырады.