Жасөспірімдерді жат әдеттерден қорғау: Атырауда ата-аналарға арналған түсіндіру жиыны өтті
Атырау облысында жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру және олардың есірткі мен ойынқұмарлық сияқты жат әдеттерден сақтандыру мақсатында ата-аналар жиналысы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шара Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Білім беру басқармасы, Психикалық денсаулық орталығы және "Тәуелсіз өмір" жастар қозғалысының бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Жиын барысында полиция қызметкері синтетикалық есірткілердің таралу қарқыны мен олардың адам денсаулығына, қоғамға тигізер зияны туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, олардың жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына үнемі назар аударудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған мұндай түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде нашақорлықтың алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына жол бермеу және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында оң өзгерістерге қол жеткізу жоспарлануда.