Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – басты назарда
Талдықорғанда жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2130 рейдтік іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл рейдтердің басым бөлігі түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау және мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Нәтижесінде 923 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – ювеналдық полиция тобының басты назарында. Жыл басынан бері осы бағытта кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Инспекторлар құқық қорғау органдары, мектеп әкімшіліктері, психологтар және ата-аналармен бірлесіп, балалардың құқықтық сауатын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбиелік-профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Қаладағы барлық білім беру ұйымында – балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін құқықтық түсіндіру жұмыстары, жиналыстар, тренингтер мен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүруінің алдын алу мақсатында түнгі рейдтер жиі өткізіледі.
Қолайсыз отбасылар мен есепте тұрған жасөспірімдерге қатысты жеке жұмыстар жүргізіліп, тұрғылықты жерінде тексерулер мен ата-аналармен профилактикалық әңгімелер болады. Бұл – балаларға уақытылы қолдау көрсетіп, отбасындағы ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. 🤝