Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – басты назарда
СҚО-да полицейлер "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азайғанын атап өтуде. Дегенмен, балалардың құқығын қорғау саласында шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Атап айтқанда, кейбір ата-аналардың жауапсыздығы мен балалардың қараусыз қалуы криминогендік факторлар ретінде сақталып отыр. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 1819 адам балаларының түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін жауапқа тартылған.
27 шілдеден бастап СҚО-да республикалық "Түнгі қаладағы балалар" атты жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Бұл шараның басты анонсы – әлеуметтік желілерде, жол бойындағы электронды тақталарда және танымал әртістің концерті кезінде көрсетілген экрандарда жарияланды. Концерт барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полицейлер де қызмет етті.
Шараның негізгі мақсаты – ата-аналарға балалары үшін жауапты екенін еске салу. Полицейлер сауда және ойын-сауық орталықтарында, көңіл көтеру орындарында рейдтер ұйымдастырып, проблемалық мекенжайларды тексеруде.
Петропавл қаласының Жұмысшы кентінде 37 жастағы тұрғынның алкоголь ішкені анықталды. Бұл отбасыда 16 жастағы жасөспірім бар. Қазіргі таңда әйел адамды аста-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылып жатыр. Заң бойынша ол алкоголь ішпеуі және баласына тиісті тұрмыстық жағдай жасауы тиіс. Өкінішке қарай, ол бұл талаптарды орындамаған. Ал осы шағын ауданның өзге мекенжайларында жағдай тұрақты.
Түнгі сағат 23:00-ден кейін рейдтік топтар компьютерлік клубтар мен көңіл көтеру орындарын тексерді. Жоспарлы алдын алу жұмыстары өз нәтижесін беруде: кафелерде заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдер анықталған жоқ. Алайда мұндай фактілер Қазақстан Конституциясы көшесінде және саябақ маңында тіркелді. Полицейлер ата-аналарды оқиға орнына шақырып, әкімшілік хаттамалар толтырды.
Жалпы, іс-шараның алғашқы күнінде облыс бойынша 76 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 51-і — жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі, 9-ы — кәмелетке толмағандардың алкоголь ішкені.
Рейдтерге қамқоршылық және білім беру органдарының өкілдері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен еріктілер де қатысуда. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында полицияның басты міндеттерінің бірі болып қала береді.