Жауапкершілік пен әділеттің жүгін көтерген тергеушінің бір күні
Қоғамда тәртіп пен әділеттің салтанат құруы – елеусіз еңбек иелерінің тынымсыз қызметімен тығыз байланысты. Солардың бірі – Жетісай аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Әбдіразақ Сайджалелдин, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әбдіразақ Мамырханұлы – аса күрделі және үлкен жауапкершілікті талап ететін салада қалтқысыз қызмет етіп жүрген тәртіп сақшысы.
Тергеушінің бір күні – жәбірленушілер мен куәлардан жауап алудан, оқиға орындарын мұқият тексеріп, әр істің астарына үңілуден тұрады. Қоғам тыныштығы мен әділет салтанаты үшін күн сайынғы атқарылатын бұл қызмет – табандылықты, сабыр мен біліктілікті талап етеді.
Әр күнін адам тағдырын таразылаумен өткізетін тергеушінің басты тірегі – отбасы. Жанұя мүшелері оның өмір жолындағы таңдауы мен қызметінің ауырлығын терең түсініп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бұл – оның адал қызметіне демеу болып, жігерін жанып отыратын шынайы құндылық.
– Мен үшін бұл қызмет – жай ғана жұмыс емес, бұл – адалдық пен әділет жолындағы үлкен жауапкершілік. Тергеуші ретінде қоғамда әділет орнатуға өз үлесімді қосып жүргенімді зор мақтанышпен айтамын! – дейді Әбдіразақ Сайджалелдин.
Оның бұл сөзі – өзінің мамандығына деген құрметі мен ішкі сенімінің айғағы. Тергеушінің бір күні – әділет жолындағы күреске толы, елеусіз болса да, елге қажет ерлікке толы еңбек.