Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жауынгер жолы. Ауған соғысы қаҺарманының естелігі

Ауған соғысының ардагері – бұл сөздер кез келген адамға ерекше әсер етеді. Оны танымай-ақ құрметпен қарауға мәжбүр боласың. Өйткені ол майданның сұрапылын көрді, өліммен бетпе-бет келді, қандыкөйлек достарынан айырылды. Ауған отында шыңдалған жауынгер Есенгелді Жүнісов туралы Polisia.kz редакциясы назарларыңызға ұсынады.

Соғыс өтті. Мыңдаған жас өмір қыршыннан қиылды. Бүгінде сол қанды қасаптан аман оралған ардагерлер арамызда жүр. Бірақ уақыт өзгерді. Бүгінгі қоғамда адамгершілік пен рухани құндылықтардың орнына материалдық игіліктер алдыңғы қатарға шығып барады.

Ал майданда бәрі басқаша еді. Жарылыс пен атыстың ортасында, өмір мен өлімнің арасында шынайы жолдастықтың құнын түсінесің. Сондықтан да «ауғандықтар» арасындағы бауырластық ешқашан үзілмейтін қасиетті ұғымға айналған.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – 62 жастағы интернационал-жауынгер, полиция ардагері Есенгелді Жүнісов. Оның салтанатты кителі ерліктің белгісіндей жарқыраған медальдар мен ордендерге толы. Олардың әрқайсысы жанқиярлық пен қажыр-қайраттың дәлелі.

1981 жылы әскери шақырту алған сәтте Есенгелді Жүнісов үшін бұл тосын жағдай болмады. Ол кезде әрбір 18 жастағы жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге тиіс еді. Бірақ бәрі бірдей нақты қайда баратынын білмейтін.

– Карантиннен кейін бізге Ауғанстанға аттанатынымызды хабарлады. Ұшақ Кабул әуежайына қонғанда, суық қабырғаға тірелгендей күй кештік. Біз енді шақырылушылар емес, сарбаз едік. Жан-жағымыз жат көрінді. Әуежай маңында мырыш табыттар қатарласып тұрды. Оларды елге жөнелту керек еді. Біз сол жаққа қарамауға тырыстық, - деп еске алады ардагер.

Есенгелді Жүнісов 191-ші жеке мотоатқыштар полкінің құрамында Газни провинциясына жіберілді. Бұл Кабулдан 350 шақырым қашықтықта орналасқан аймақ болатын. Мұнда соғыс өрті өршіп тұрған еді. Пәкістан шекарасы тым жақын, ал моджахедтерге қару-жарақ сол жақтан үздіксіз жеткізіліп тұрды. Жауынгерлер керуендерді тексеріп, жасырынған дұшмандарды іздеп, ауылдарға рейд жасап отырды.

Шайқастар жиі әрі ауыр өтетін. Бір қақтығыс кезінде рота командирі ауыр жараланды. Есенгелді Жүнісов оны оқтың астынан алып шығып, қауіпсіз жерге жеткізді. Бұл ерлігі үшін ол "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Кейін взвод командирі болған шақта, сарбаздарын еш шығынсыз қауіп-қатерден аман алып шыққан. Взвод жаудың қару-жарақ қоймасын басып алып, бірнеше дұшпанды тұтқындады. Осы ерлігі үшін "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалін иеленді.

Сонымен қатар Ауғанстандағы қызметі үшін оған "Алғыс білдірген ауған халқы" және "КСРО Қарулы Күштерінің 70 жылдығы" медальдары, сондай-ақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасы мен "Интернационал-жауынгер" белгісі табысталды.

Елге оралған соң Есенгелді Жүнісов бейбіт өмірде де елге қызмет етуді ұйғарды. Алматы милиция мектебін бітіріп, Лепсі ауылында учаскелік инспектор болып жұмысын бастады. Уақыт өте келе жедел қызметкер, одан кейін экономикалық қылмыстармен күрес басқармасы бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілді.

Қанша жыл өтсе де, жауынгерлік мінезінен айнымады. Әділеттілік пен адалдық – оның өмірлік ұстанымы болды. Осы адалдығының арқасында өз қызметінде талай қылмыстың жолын кесті.

Бүгінде ардагер туған өлкесінде, туған-туыстарының ортасында ғұмыр кешуде. Ол үш баланы тәрбиелеп, немерелерінің шаттығына бөленіп отыр. Қызмет еткен жылдары Сарқан ауданының "Құрметті азаматы" атағына ие болды. 1998 жылы зейнетке шыққанымен, жауынгерлік жылдардың естелігі оның жүрегінде мәңгі сақталды.

Соғыс аяқталды, бірақ "ауғандықтар" әлі бар. Олар бейбіт күнде де бір-бірін ұмытпайды, бірінің мұңын бірі бөліседі. Өйткені олар өмірдің, достықтың, абыройдың шынайы құнын білетін жандар.

Ел оларды ұмытпауға тиіс. Өйткені батырлар ұмытылғанда – тарих та көмескіленеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру