«Жаяу жүргінші» іс-шарасы: Қарағанды облысында 2414 заң бұзушылық анықталды
Қарағанды облысында «Жаяу жүргінші» профилактикалық іс -шарасы барысында 2414 заң бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері сегіз ай ішінде Қарағанды облысының жолдарында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 99 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың ішінде 14 адам қайтыс болды, 88 адам әр түрлі дәрежедегі жарақат алды. Оның үстіне жаяу жүргіншілердің кінәсінен 5 ЖКО болып, алты адам зардап шекті.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен және кінәсінен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ көлік жүргізушілерінің тәртібін жақсарту мақсатында Қарағанды облысында жұртшылық өкілдерімен бірге 22-23 қыркүйекте «Жаяу жүргінші» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Осы аралықта жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2414 фактісі анықталды. Соның ішінде жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзу – 103 және жаяу жүргіншілердің өздері тарапынан бұзушылықтар – 622.