Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаяу жүргінші өткелдерінде орнатылған "ақылды" құрылғылар бар жерлерде бірде-бір жол апаты тіркелмеген

Ішкі істер министрлігі жаяу жүргінші өткелдерінде автоматтандырылған бақылау кешендерін енгізіп жатыр. Технология тиімділігін көрсетуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Енді Қазақстанда жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілер автоматты түрде "ақылды" жүйелердің назарына ілігеді. Жаяу жүргінші өткелдеріне орнатылған камералар тәулік бойы ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабын бұзу деректерін, яғни жаяу жүргіншіге жол бермегендерді тіркейді.

Бүгінгі таңда Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында осындай 30 кешен жұмыс істейді. "Ақылды" құрылғыларды орнату жұмысы бүкіл ел бойынша жүргізілуде.

Жүйе көлік нөмірін, құқықбұзушылық жасалған күнді, уақытты және координаттарды тіркейді, ал мәліметтер дереу бірыңғай базаға жіберіледі.

2025 жылдың басынан бері төрт мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген, алайда мұндағы басты жетістік — кешендер орнатылған жерлерде жаяу жүргіншінің қатысуымен бірде-бір жол апаты тіркелмеген.

- Біз технологиялардың жолдағы дұрыс мәдениетті қалыптастырып жатқанын көріп отырмыз. Жүргізушілер бақылау бар екенін алдын ала біліп, ережелерді сақтай бастайды. Бұл — негізгі нәтиже. Мақсат — айыппұл салу емес, жол апатын болдырмау, — деп атап өтті ІІМ баспасөз қызметі.

Кешендер адам көп жүретін жерлерге, яғни мектептер, балабақшалар, сауда орталықтары мен қозғалысы қарқынды қиылыстар маңына орнатылады. Бұл құқықбұзушылық жасалмас бұрын қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.

Интеллектуалды жүйелер құқық бұзғандарды автоматты түрде жауапкершілікке тартуға ғана емес, сонымен қатар талдау жүргізуге, қауіпті аймақтарды анықтауға көмектеседі. Бұл тәсіл — жол-көлік оқиғаларынан болатын жарақаттар мен өлім-жітім деңгейін төмендетуге жасалған қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру