Жазғы демалыс қарсаңында полиция профилактикалық шараларды күшейтті
Жазғы демалыс қарсаңында полиция профилактикалық шараларды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті "Заң және Тәртіп" қағидасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмысын жалғастыруда. Жазғы мектеп демалысы мен 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында жергілікті полиция қызметі басқармасының, қалалық полиция мен өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері кәмелетке толмағандармен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтті.
Петропавл қаласындағы Жамбыл көшесі, 258 үйдің ауласында жергілікті тұрғындармен профилактикалық кездесу өтті. Полицейлер жадынама таратып, түсіндіру әңгімелерін жүргізді. Негізгі көтерілген мәселелер – балалар қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Атап айтқанда, тәртіп сақшылары балалардың терезеден құлап кету қаупіне, өрттің алдын алу шараларын сақтау қажеттігіне, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз көшеде болуына жол бермеу керек екеніне назар аударды. Сонымен қатар аула ішінде тыныштық пен тәртіпті сақтау маңызды екені ескертілді.
Полицейлер тұрғындарға "Қауіпсіз маршрут" қағидатын ұстануды — яғни баланың мектепке және кері бағыттағы жолын бақылауда ұстауды, сондай-ақ "Қауіпсіз аула" қағидасын — аулалар мен балалар алаңдарында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұсынды.
Кездесу барысында қала тұрғындары өздерін мазалаған мәселелер бойынша пікірлерін айтып, полиция бөлімшелерінің байланыс деректерін нақтылап, көрсетілген түсіндіру жұмыстары үшін алғыстарын білдірді. Мұндай іс-шаралар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылуда.