Жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігі: Түркістан облысында полиция профилактикалық шараларды күшейтті
Түркістан облысында полиция профилактикалық шараларды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері жазғы демалыс пен шомылу маусымының басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударып, профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Тәртіп сақшылары балалар лагерьлерінде ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізіп, жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында танымдық сабақтар ұйымдастырды.
Атап айтқанда, Кентау қаласы маңындағы "Үркер" балалар сауықтыру лагерінде өткен кездесу барысында полицейлер құқық бұзушылықтың алдын алу, жолда жүру тәртібі мен жол белгілерінің маңыздылығы, суда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Балаларға тыйым салынған орындарда шомылу мен жол қозғалысы ережелерін елемеудің соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары балалар үшін спорттық ойындар ұйымдастырып, оларды қызықты әрі пайдалы уақыт өткізуге баулыды. Кездесу соңында жас қатысушыларға қауіпсіздік туралы ақпарат қамтылған жадынамалар мен спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
Полицейлер мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті.