Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жедел басқару орталығы қызметкерінің бір күні

Павлодар қаласында 2006 жылдың мамыр айында тәулік бойы облыс орталығының өмірін қадағалайтын жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Сол уақыттан бері бұл орталық қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің сенімді тірегіне айналып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен ашуда үлкен рөл атқарып келеді. Осы жауапты міндетті атқаруда жиырма жылға жуық уақыт бойы бейнебақылау инспекторы Қарлығаш Қинашева мінсіз қызмет етіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бейнебақылаудың арқасында жыл басынан бері қала көшелері мен қоғамдық орындарда жасалған екі мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш – бейнебақылау инспекторларының қырағылығы мен кәсіби біліктілігінің дәлелі.

– Біздің орталықтың басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Заманауи технологиялардың көмегімен біз тәулік бойы қоғамдық орындарда орын алатын ұсақ бұзақылықтарды, алкогольдік ішімдік ішуді және өзге де тәртіп бұзушылықтарды тіркейміз. Сонымен қатар қала көшелеріндегі көлік қозғалысын, мемлекеттік нөмірлерді, жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тағуын, телефонмен сөйлесуін тиімді бақылауға мүмкіндігіміз бар. Бейнекамералар биікке орнатылғанымен, олардың сапасы бұған еш әсер етпейді, – дейді Қарлығаш Әсенқызы.

Жұмыста есте қалған оқиғалардың бірі ретінде Қарлығаш Әсенқызы бейнекамераның көмегімен ұрыны ізін суытпай қалай ұстағанын есіне алады.

– Таңертең ерте жедел қоңырау түсті: "Майра көшесіндегі дүкендердің бірін белгісіз адам тонап кетті". Дереу осы ауданды бақылауға алып, бейнежазбаларды мұқият зерделей бастадым. Көп ұзамай, көшелердің бірінде күдіктінің жүргені анықталды. Мен автопатрульге күдіктінің сырт келбеті мен жүріп өткен бағытын нақтылап жібердім. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері қаскөйді қылмыс үстінде ұстады, – деп есіне алады инспектор.

Қарлығаш Қинашеваның айтуынша, бейнебақылау инспекторы тек қана камераны бақылап қоймай, әр құқық бұзушылықты дұрыс саралап, заңдылық тұрғыдан бағалай білуі қажет. Кез келген шұғыл хабар түскен бойда инспекторлар оқиға орнына бағытталған камераларды қосып, жағдайды талдап, жедел әрекет етеді. Бейнежазбалар 7-10 күн бойы сақталып, қажет болған жағдайда дәлел ретінде ұсынылады.

Қарлығаш Қинашева үшін қызмет ететін ұжымның маңызы зор.

– Біздің әріптестерімізді жауапкершілік, адалдық, тәртіпке деген ұмтылыс пен кәсіби шеберлікті шыңдау сияқты қасиеттер біріктіреді. Ал ұйымшылдық – жұмысқа деген ынтаны арттырып, өз міндетімізді жоғары деңгейде орындауға серпін береді, – дейді ол.

Қарлығаш Әсенқызының кәсібилігі мен жауапкершілігін әріптестері де жоғары бағалайды. Әдептілік, әділдік пен ұқыптылық – оның басты қасиеттері. Ұзақ жылдардағы еңбегі үшін ол Ішкі істер министрлігі мен департаменттің Алғыс хаттарымен және грамоталарымен марапатталған.

Қызметке барынша берілгеніне қарамастан Қарлығаш Қинашева жақындарына да уақыт табады. Спортпен белсенді айналысып, сайклинг, волейбол, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерін ұнатады, сондай-ақ Ертіс жағалауында серуендеуді жақсы көреді.

Отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Қызы Ділназ – студент, ұлы Әлмансұр – биыл мектеп бітіреді.

– Балаларым менің қызметімді мақтан тұтады. Олар анасының адамдарды қорғап, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып жүргенін жақсы түсінеді. Ал ата-әжелері әрдайым қолдау көрсетіп, көмектесуге дайын, – дейді ол.

Қарлығаш Қинашева – жас мамандар үшін үлгі боларлық тұлға. Ол тәжірибесін жастарға үйретіп, заң мен құқықтық тәртіп мүддесінде қалтқысыз қызмет етуде.

– Полициядағы жылдар бойы қызметім маған адамдардың мәселелеріне бей-жай қарамауды, өз жұмысыңды шын жүректен атқаруды үйретті. Біздің қызметіміз қоғам үшін аса маңызды, өйткені қаладағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – біздің ең басты міндетіміз, – дейді ол сеніммен.

Қоғамдық тәртіпті күзетуде бейнебақылау инспекторларының атқаратын рөлі орасан. Қарлығаш Қинашева сияқты өз ісіне адал, кәсіби мамандардың арқасында қала тұрғындары өзін қауіпсіз сезінеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру