Желтоқсан оқиғасына қатысқан мектеп директоры Қызылордағы тергеу изоляторына келді
Желтоқсан оқиғасына қатысқан мектеп директоры Қызылордағы тергеу изоляторына келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ЗК-169/1 тергеу изоляторында «Елімнің бақытын тербеген Тәуелсіздікке – 30 жыл» атты мерекелік іс-шара өтті.
Алғаш болып сөз алған мекеме бастығы А.Тасқараев жеке құрам мен жиынға қатысқандарды
мерекемен құттықтады.
Тәуелсіздікті орнықтыру жылдарындағы тергеу изоляторы жұмысында жемісті еңбек еткен қызметкерлердің ізін басқан бірқатар жалынды жастарды марапаттады.
Сондай-ақ осы мекемедегі Режим және күзет бөлімін басқарып, 19 жыл ҚАЖ саласына еңбегі сіңген әділет майоры М.Смағұловты салтанатты түрде зейнетке шығарып салды.
Одан соң, 1986 жылғы Алматыдағы ызғарлы желтоқсан оқиғасы туралы фильм көрсетіліп, аға буынның ерлігі дәріптелді.
Мерекелік іс-шараға арнайы шақырылған сол сұрапыл күндерде жалынды жастармен шеруге шыққан Қызылорда қаласының № 197 мектептің директоры Сабила Рахымшаева бұл фильмдегі көріністерді көзімен көріп, бастан кешкендігі жайлы әңгімелеп берді.
– Мен ол кезде ҚазГУ-дің тарих факультетінде оқып жүрдім. Группаластарыммен бірге желтоқсан алаңына бардым. Жаңа өздерің көрген оқиғадағыдай, үсті-басымыз малмандай су болып, сырт киімімізге мұз қатты. Шовинистік шоқпарға ілікпейік деп жасырынып жүріп, жатаханамызға әрең
жеткен болатынбыз. Бүгінгі егеменді еліміздің бақытын тербеген тәуелсіздігіміз баянды болсын. Еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау жолындағы сіздердің еңбектеріңіз де, ерлікке пара-пар деп ойлаймын, – деді С.Рахымшаева.
Жеке құрам арасындағы өнерлі, жаңадан келген жас қызметкерлер көрініс көрсетті.