Жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы күрес жұмыстарын жүргізу
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Тургумбаев пен «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байгулов арасындағы қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ағымдағы жылдың 10 қаңтарында Шымкент қаласына іссапармен келген Т.Байгулов Шымкент қ. Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Мурат Алтаевпен және Департаменттің жеке құрамымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.Сондай-ақ кездесуге «Shymkent- Adaldyk Alany» сараптамалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев та қатысты.
Кездесудің басты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу, оның алдын алу және осы бағытта бірлескен іс-қимылдарды іске асыру, «ашық полиция» қалыптастыру, тұрғындардың ішкі істер органдарына сенімін арттыру болып табылады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Мурат Алтаев сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою мақсатында Департамент тарапынан соңғы бір жылда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Оның ішінде, Полиция департаментінің қызметкерлері «Шымкент-адалдық алаңы» сараптамалық кеңсесінің мүшелерімен бірлесіп рейд өткізіп, Патрульдік полиция полкінің қатарында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша қызметкерлердің күнделікті нұсқаулығына жаңа тармақтар енгізілді. Бұл жаңартуларға сәйкес Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері автокөлікті тоқтатқан кезде өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндірумен қатар, ол автокөлік иесін айыппұлды қысқа мерзімде төлесе – 50% жеңілдікпен өтей алатынын, одан жүргізуші куәлігі алынбайтынын хабардар етуі тиіс. Сондай-ақ, полиция қызметкеріне пара берген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескертіп, және барлық процесс полицейдің бейне-жетонына онлайн режимде жазылып жатқандығын хабарлауы тиіс екендігін айтып, бұл енгізілген жаңалықтардың тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты төмендетуге септігін тигізгенін сөзге тиек етті.
Іссапар барысында Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың төрағасы Шымкент қаласы Полиция департаментінің фронт-кеңселерінде арыз-шағымдарды қабылдау процесімен және Халыққа қызмет көрсету орталығындағы көші-қон қызметінің халыққа қызмет көрсету жұмыстарымен танысып, бағасын беріп қайтты.
Еске сала кетсек, Департаменттің әр аудандық полиция басқармаларындағы мұндай форматтағы азаматтарды қабылдау кеңселерінің басты мақсаты ашықтық, қолжетімділік, халықтың полиция қызметкерлеріне сенімін арттыру, және тұрғындардың арыз-шағымдарын аз уақытта қарастырып, оң шешімін табу болып табылады.
Өз кезегінде Департамент басшылығы сөзін қорытындылай келе, бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде полиция қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлықты жоюға, адал қызмет ететін, халықтың сенімін ақтайтын «ашық полиция» болатынына сенім білдірді.