Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жеңіл ақшаның құны: Қостанай студенттері темір тордың арғы жағындағы өмірмен танысты

Қостанай студенттері темір тордың арғы жағындағы өмірмен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "Заң және тәртіп" қағидаты аясында жергілікті колледж студенттері үшін ерекше кездесу ұйымдастырды. Бұл шараның басты мақсаты – жастарға есірткі қылмысының салдары қандай болатынын көзбен көрсетіп, қателікке бой алдырмауға үндеу еді.

Студенттер Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №38 түзеу мекемесіне барып, еркіндіктен айырылудың қандай күйге түсіретінін өз көздерімен көрді. Темір қақпалар мен тас қабырғалардың арасындағы әрбір қадам адамның тағдыры қалай күрт өзгеріп кетуі мүмкін екенін айқын сездірді.

№38 мекеме – орташа қауіпсіздіктегі түзеу колониясы. Мұнда мыңға жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында есірткі сатып, оны таратқандар ғана емес, ауыр қылмыс жасағандар да бар. Колония аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмыс істейді. Студенттер жиһаз және ағаш бұйымдары өндірісімен танысты, бірақ оларды ерекше таңғалдырғаны – жарма цехы болды.

Экскурсия барысында бір студент: "Сотталғандар еңбегі үшін жалақы ала ма?" – деп сұрады.

Мекеме бастығының тәрбие және кадрлық жұмыс жөніндегі орынбасары Ерлан Нұғманов бұл сұраққа былай жауап берді: "Олар еңбекақы алады, бірақ қолдарына берілмейді. Ол қаражат сот шығындарын өтеуге, отбасына көмек көрсетуге жұмсалады. Сонымен қатар, еңбек сотталушыларды бос сандырақтан сақтайды, өмірге қайта бейімдейді."

Кездесу барысында студенттер түрме асханасына барып, сотталғандардың тұрмыс жағдайларымен танысты. Алайда ең әсерлі сәт – сотталған азаматтың өмірлік тағдырын тыңдаған сәт болды.

- Сіздердей жаста мен үшін ақша бәрінен маңызды көрінді. Жаман ортаға түсіп, марихуана шегуді бастадым. Кейін мефедрон мен "тұз" қолдандым. Жеңіл табыс іздеп, есірткі сатумен айналыстым. Ақыры қолға түсіп, 15 жылға сотталдым. Түрмеге 19 жасымда түстім, бостандыққа 37 жасымда шығамын. Жарты ғұмырым осында өтеді..." – деп өкінішін білдірді тұтқындардың бірі Дмитрий есімді жігіт.

Оның жан толқытарлық әңгімесі студенттерге қатты әсер етті. Бостандықтың, отбасымен бірге болудың, қалыпты өмір сүрудің қаншалықты қымбат екенін түсіндіргендей болды. Бұл кездесу жастарға үлкен ой салды. Олар есірткінің артында тек түрме емес, тағдыры талқандалған адамдар тұрғанын ұқты.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы Қостанай облысында есірткі саудасымен айналысқаны үшін 64 адам ұсталған. Олардың арасында студенттер де бар. Заңсыз айналымнан 260 келіден астам есірткі, оның ішінде 4,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.

- Біз жастардың есірткі қылмысына ұрынбауы үшін осындай шараларды жалғастыра береміз," – деді ұйымдастырушылар.

Қостанайлық студенттер бұл кездесуден тек ауыр әсер алып қана қоймай, өз еркіндіктерінің құнын бағалай білуді, "жеңіл ақша" қашанда үлкен құн төлеуді талап ететінін түсініп қайтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру