Жеңілдікпен үй алып беремін: түркістандық 1,5 млн теңгесінен айырылды
Түркістан облысының полицейлері мемлекеттік бағдарламамен үй әперемін деп, алдап кеткен алаяқтыққа күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілде айының басында Түркістан қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының тұрғыны арызданған.
Әйелдің айтуынша, оның танысқанына көп болмаған танысы сеніміне кіріп, 2021 жылдың ақпан айында 1,5 миллион ақшасын алған. Яғни мемлекет тарапынан жеңілдікпен үй алып беремін деп, әбден сендіріп, алаяқтық жолмен ақшасын алып кеткен. Арадан біршама айлар өтсе де уәде орындалмағаннан соң жәбірленуші полицейлерге шағымданып, алаяқты ұстауға көмектесуін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.
Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы қылмыстық іске қатысы бар күдікті ретінде жергілікті тұрғын ұсталды. Ол жұмыссыз жас жігіт болып шықты. Бүгінде аталған азаматтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға абай болуға және бейтаныс жандарға ақша бермеуге кеңес береді. Егер де, Сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.