Жеңіс күні: жетісулық полицей атасының ерлігі жайлы қызына айтып берді
Жетісулық полицей атасының ерлігі жайлы қызына айтып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеңіс күні – әр отбасының жүрегінде сақталған естелік. Бұл күн – ерліктің, қайсарлықтың және ұрпақтар сабақтастығының символы. Жетісу облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Ержан Тойбеков үшін бұл күннің орны тіпті ерекше. Себебі ол – Ұлы Отан соғысында Мәскеу түбінде ерлік көрсеткен, "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталған ардагер Мұқатай Бұлғақбаевтың немересі.
Жеңіс күні қарсаңында Ержан кішкентай қызын ертіп, музейге барды. Мұндағы мақсаты – атасының батырлық жолын таныстыру, ұрпағына ел мен жерді қорғаудың қандай құрметті борыш екенін ұғындыру. Бұл – жай ғана музейге саяхат емес, бұл – жүрекке жазылған тарихпен бетпе-бет жүздесу болды.
Музей сөресінде атасының соғыс жылдарында киген әскери киімінің бөлігі, сарғайған жауынгерлік хаттары, марапаттары мен жеке заттары сақтаулы тұр. Ержан Тойбеков сол жәдігерлерді қызына ерекше ілтипатпен көрсетті. Әр заттың өз тағдыры бар екенін, әр бір белгі – ерлік пен жанқиярлықтың ізі екенін ол баланың санасына терең сіңіруге тырысты.
Жеңіс күні – тек бір күндік мереке емес. Бұл күн – батырлар рухына бас ию, олардың ерлігіне тағзым ету және сол ерлікке лайық болуға талпыныс. Осындай отбасылық тағылым – жас буынның бойына отансүйгіштік пен жауапкершілікті сіңіретін тірек.
Ұрпақ пен уақытты жалғайтын осындай үнсіз сабақтар көп болса екен. Себебі жауынгердің ерлігі – жүректегі алау секілді: оны сақтау – келешектің қолында.