Жеңіс жолындағы жанқиярлық ерлік
Жеңіс күні қарсаңындағы құрмет. 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 101 жастағы ардагерді құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ерекше шара өткізді. “Жеңіске 100 күн қалғанда” акциясы аясында олар Ұлы Отан соғысының ардагері — 101 жастағы Григорий Степенкоға арнайы барып, құрмет көрсетті.
Ардагерді құттықтауға бригада командирі Мақсат Қырғызбаев, оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Мақсат Мұқаев, бөлім офицерлері мен әскери оркестр қатысты. Ұландықтар ардагердің үйіне барып, жылы лебіздерін білдіріп, гүл мен мерекелік сыйлықтар табыстады. Әскери оркестр ардагерге майдан жылдарындағы сүйікті әуендерін орындап берді.
— Сіздердің ерліктеріңіз бен жанқиярлық еңбектеріңіз — баршамыз үшін баға жетпес өнеге. Сіздер қорғап қалған бейбітшілікті сақтау — біздің қасиетті борышымыз, — деп атап өтті Мақсат Қырғызбаев.
Григорий Степенко 1925 жылы 10 сәуірде Воронеж облысында дүниеге келген. 1943 жылы Павлодар облысынан майданға шақырылған. Алғашқы ұрыстарын 2-Украин майданында пулеметші ретінде бастады. Ол Курск-Орел шайқасына, Белгород, Орел, Харьков, Курск, Кенигсберг, Варшава қалаларын азат етуге қатысқан. Сондай-ақ Днепр өзенін кешіп өту операциясына да атсалысты. Соғыстың соңғы кезеңінде Забайкалье майданының 39-армиясына қарасты 56-атқыштар полкінің құрамында Қиыр Шығыста шайқасты.
Ардагер II дәрежелі Отан соғысы орденімен, III дәрежелі Даңқ орденімен, “Ерлігі үшін”, “Жауынгерлік еңбегі үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін” және өзге де мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Ардақты ардагер қонақтарға алғысын білдіріп, майдан жылдарындағы естеліктерімен бөлісті, ұландықтарға батасын беріп, қызметтеріне табыс тіледі.
Мұндай кездесулер — жас буынға патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі, өткен тарихты ұмытпай, ардагерлердің ерлігін ұрпақ жадына мәңгілікке сіңірудің бір жолы.