Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жер қойнауын заңсыз қазған шымкенттік тұрғын анықталды

Жер қойнауын заңсыз қазған шымкенттік тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ табиғатты қорғау полиция тобының қызметкерлері Абай аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып заңсыз жер қойнауын қазу жайттарын анықтау және алдын алу мақсатында рейдтік шара өткізді.

Осы ретте Жаңаталап елді мекенінен ағып өтетін Бадам өзені жағасында ауыр жүк көлігімен жер қойнауын заңсыз қазып жатқан азамат анықталды. Сала мамандары заңсыз өзен арнасынан тас қазу жұмыстарын жүргізуге болмайтыны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– Жер қойнауын заңсыз қазу жұмыстарын жүргізу жайттарын алдын алу мақсатында рейдтік шаралар атқарып отырамыз. Әр азамат бұл табиғатқа келтірген зиян екенін түсінуі керек. Бізге бұндай деректерді көрген жанашыр жергілікті тұрғындар да хабарлап жатады. Қоршаған ортаға келтірген шығын көлеміне қарай шара көріледі, – дейді табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Ұлықбек Сабаев.

Жалпы, жыл басынан бері жүргізілген жұмыстар барысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған бес жайт, оның ішінде бір экскаватор анықталды, үш жүк тасу көлігі айыптұраққа қойылды.

Осыған орай шымкенттік полицейлер азаматтарды табиғатқа қиянат жасамауға шақырады және табиғатқа зиян келтіріп жатқан ауыр жүк көліктерінің әрекетін байқаған жағдайда тез арада 102 арнасы арқылы полицияға хабар берулеріңізді сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру