Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жергілікті тұрғынға көмекке барған полицей оқиға кезінде жарақаттанды

Түркістан облысында екі баланың анасы полицейлер көмек сұрап, көмекке барған полицей оқиға кезінде жарақаттанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің учаскелік полицейлеріне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, азаматтық некедегі күйеуінің кәмелет жасына толмаған балаларын көрсетпей, күштеп ұстап отырғанын жеткізеді. Арызданушыға көмек көрсету үшін екі бірдей учаскелік полицей Мұрат Мусиров пен Умирбек Сапарбаев күдіктінің үйіне қарай бағыт алады.

Алайда күдікті ер адамды полицейлер жол бойынан кездестіреді. Көлігіне екі баланы салып алған күдікті полицейлерге жөнін айтпастан, қарсылық білдіріп, оқиға орнынан қашады. Полицейлер оны тоқтатпақ болып, соңынан қуады. Учаскелік полицейлер күдіктінің алдын орап, көлікті тоқтатпақ болады. Сол сәтте ер адам екі полицейдің бірі Умирбек Сапарбаевты көлігімен қағады да, қайта қашып кетеді.

Сондай-ақ күдіктінің көлігінде арызданушының кәмелетке толмаған екі баласы бар еді. Умирбек жарақат алғандықтан әріптесі Мұрат тағы да басқа қызметтестерін көмекке шақырады. Олар келіп, аяғынан жарақат алған Умирбекті емханаға алып кетеді де, қалған полицейлер күдіктінің соңынан қуады. Күдікті тұрғылықты жерінен ұсталды.

Осыдан соң полиция қызметкерлері мен арнайы мамандар екі баланы да анасына табыстады. Балалар дін аман. Қазіргі уақытта анасының қасында. Аталған жайт Мақтаарал АПБ-не ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабымен тіркеуге алынып, тергеу амалдары басталып кетті. Күдікті қамауда.

Балаларымен қауышқан ана: – Алғысым шексіз. Істеріңіз алға бассын. Отбасыларыңа береке тілеймін. Ешбір бала анасынан ұзамасын, жыламасын. Рахмет сіздерге, – деді.

Осылайша балаларымен қауышуға зар болып, полицейлерден көмек сұраған анаға дер кезінде көмекке келген сақшылар Умирбек пен Мұрат алғысқа бөленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру