Жеті үйге ұрлыққа түскен қызылордалық үш азамат қамауға алынды
Жеті үйге ұрлыққа түскен қызылордалық үш азамат қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің және қалалық полиция басқармасының жедел уәкілдері пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш қала тұрғынын қолға түсірді.
Қазан, қараша айлары аралығында жеті қала тұрғыны бір-біріне ұқсас пәтер ұрлықтары болғаны жөнінде «102» арнасына арыз түсірген болатын. Үйлерден тұрмыстық техника және әшекейлер қолды болған. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, ұрылар пластик терезе және есікті сындырып кіру арқылы арам ойларын жүзеге асырып отырған.
Пәтер иелеріне 2 млн теңгеге жуық көлемінде материалдық шығын келтірілген. Криминалдық полиция қызметкерлері бұл мақсатта жедел-іздестіру шараларын жүргізді. «Ізін суытпай» үш қала тұрғыны күдікті ретінде тәртіп сақшыларының қолына түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Осы баптың санкциясында мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы көзделген.