«Жеті жылқы желкемнен шықты»: Қызылордада сотталған ер адам өкінішін айтты
Қызылордада ұрлық жасап, 5 жылға бас бостандығынан айырылған сотталған өкінішін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz
ЗК-169/1 тергеу изоляторының шаруашылық бөліміне қалғандар арасында әртүрлі қылмыс жасап түскендер бар. Бірақ олардың барлығына ортақ нәрсе бар. Ол – өкініш. Яғни, олар бостандықтағы күндерін бағалай алмағандықтарына өкінеді. Соның бірі Санжар есімді сотталған. Бұл азамат ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-3-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған.
– Мен жоғарғы оқу орнын бітіргенмін. Мамандығым – технолог. Ауылымда өндіріс орны болмағандықтан жұмыс жасамай отырып қалдым. Үйленіп, отбасын құрған соң жанұямды асырау мақсатында шаруа қожалығына малшы болып жалданып еңбек еттім. Таза ауада, күннің атысынан, батысына дейін жүзге жуық ұсақ мал мен жетпістен астам жылқы жайып жүрдім. Еңбегіме қарай ай сайынғы алатын жалақым жақсы болды. Тамағым тегін. Таза, құнарлы өнімдерді ішіп-жеп жүрдім. Қожайыным үйдегі бала-шағама деп сүт, ет өнімдерін беріп тұрды. Шыны керек жас жанұя болсам да бір-екі жылда біраз қаражат жинап, үй салып, туыстарымның, достарымның алды болдым. Бірақ, қолдағы барымды қанағат тұтпай, мал иесі сияқты бай болғым келді. Сол ойымды қалай жүзеге асырсам деп жүргенде, тосын сыйға тап болдым. Күнделікті жайылымда жүргенімде бағып жүрген малыма бір топ жылқы келіп, қосылып кетті. Мамыражай жайылып жүрген малды үркітпейін, кешке өзі-ақ бөлініп кетер деп ойландым. Бірақ, сол қосылып кеткен жеті ат менің малыммен үш ай жайылымға шығып жүрді. Не керек, іздеу сұрауы жоқ малды өзім иемденіп алдым. Шетінен сойып сатып, біраз қаражат қылдым. Көп малдың ішінен қожайыным бұны байқамады. Ал үйдегілер еңбек ақысы деп ойлады. Жинаған ақшама жақсы айдалымдағы жеңіл көлік сатып алып қойдым. Бұған өзім де, жақындарым да мәз болды.
Алайда оның бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Мал иесі табылып, Санжардың қылмысы ашылды. Қолына кісен салынды.
– Енді міне, сол жеті жылқы желкемнен шықты. Мұнда отырып, бостандықтағы күнімді сағынамын. Қолдағы барыма қанағат етпегеніме өкінемін, – деп әңгімесін аяқтады сотталған Санжар.