Жетісай полицейлері екінші рет мас күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтады
Жетісай полицейлері екінші рет мас күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында күнделікті қызмет атқарады. Осындай кезекті жұмыс күні полицейлер, Жетісай қаласы көшелерінің бірінде түнгі сағат 01:55 шамасында жүрісі күмәнді Audi 100 көлікті тоқтатады.
Тексеру кезінде полицейлерге Аudi-100 көлігі иесінің мас халде екені күдік тудырды. Тәртіп сақшылары осы жайтты нақтылау үшін медициналық сараптама тағайындады. Куәландыру қорытындысына сәйкес күдікті азаматтың масаң күйі расталды.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Себебі жүргізуші 2020 жылы ішімдік ішіп көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жауапқа тартылып, Жетісай аудандық сотының қаулысына сәйкес, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған.
Яғни, жүргізуші жаза арқалағанына, оның мерзімі аяқталмағанына қарамастан тағы да масаң күйде көлік тізгіндеген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.