Жетісай полицейлері өзін мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады
Жетісай полицейлері өзін мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық ПБ кезекші бөліміне алаяқтықтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол 2021 жылдың қазан айында өзін мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырған танысына алданып қалған. Яғни алаяқ жәбірленушінің әйелі екеуіне мемлекеттен қайтарымсыз көмек алуды ұсынған. Бұған өзінің кепіл болатынына сендірген. Ол үшін алдын ала 570 мың теңге ақша керек екенін және бұл соманы қайтарымсыз мемлекеттік қаржыдан екі есе қылып алып беретінін айтып, уәде берген. Алайда танысы ақшаны алғаннан кейін уәдесін де орындамай, ақшасын да қайтармай әбігерге салған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінінің жүрген жерін анықтады. Оны тауып, оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Жетісай ауданының полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, күдікті жас жігіт бұрынғы мемлекеттік қызметкер болып шықты.
Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бұған қоса, оның тағы қандай алаяқтық жайтына қатысы бары тексерілуде.