Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда жыл басынан бері карантин талабын бұзудың 150-ге жуық жайты анықталды

Жетісайда жыл басынан бері карантин талабын бұзудың 150-ге жуық жайты анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин енгізілгені баршамызға мәлім. Десекте кейбір тұрғындар мен кәсіпкерлер аталмыш шектеу шараларына немқұрайды қарау үстінде. Мәселен жыл басынан бері Жетісай ауданының өзінде 150-ге жуық карантин талабын сақтамау жайты анықталып, іс-құжаттары санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданған. Оның ішінде бірнеше кафе-барлар, ресторан, тойханалар және бильярд пен компьютерлік ойынхалар бар. Яғни, осы ойын-сауық орындарында нысан иелері белгіленген уақытқа қарамай, келушілерді қабылдаған, сонымен қатар бетпердесіз қызмет көрсеткен жайттары да айқындалды.

Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, Асықата кентінде орналасқан компьютер клубында 10-нан астам келушілер болған. Біразы бетперде тақпаған. Келесі Жетісай қаласында орналасқан кафе түнгі 22:00-де жабылу керек деген ережеге бағынбай, 23:30 шамасында ашық тұрған. Рейдтік шара кезінде кезекті бильярд клубында да біршама келушілер жүрген. Ойын-сауық орындарында карантин талабы сақталмаған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша ғимаратты жалға алып, адамдарға қызмет көрсеткендерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Жетісай аудандық СЭББ-ға жолданды.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру