Жетісайлық әйел 49 млн теңгеге алтын алып, сатушыны алдап кетті
Түркістан облысының полицейлері сатушыны алдап, 49 миллионның алтын бұйымдарын алып кеткен күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай қаласындағы базарлардың бірінде алтын сатумен айналысатын жәбірленуші әйел, аудандық полиция бөліміне өзінің алданғанын айтып арызданды. Нақтырақ айтсақ, жәбірленуші өзіне жақын таныс емес әйелмен ауызша келісім жасап, оған ірі көлемде алтындарын көтерме бағада сатып отырған. Содан үш ай бойы алтындарын алып, сенімге кірген әйелге жарты ақшасын келесіде беруге келіскен. Алайда күдікті әйел соңғы алған алтындарының ақшасын бермей, ұшты-күйлі жоқ болады. Келтірілген жалпы шығын көлемі 49 миллион теңгеден асады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Жетісайлық полицейлер осы алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алды. Жан-жақты іздестіру жұмыстары нәтижесінде, күдікті ретінде жергілікті тұрғын ұсталды. Қазіргі таңда күдікті әйел қамауға алынып, осы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, алаяқ әйел жәбірленушіден алған алтын бұйымдарын Жетісай ауданындағы ломбардтардың біріне өткізіп жіберген. Ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда аса ірі мөлшердегі алтын бұйымдар айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға оңай пайданы көздеген алаяқтардың арбауына түспеуді ескертеді. Күмәнді ұсыныс айтатындарға мүлдем сенбеу қажет. Бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар, жақын таныс емес жандарға сеніп тапсырмаңыздар. Сонымен қатар, сақтық шараларын күшейтіп, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камераларын орнатыңыздар!