Жетісайлық полицейлер үйінің ауласына есірткі еккен тұрғынды анықтады
Жетісайлық полицейлер үйінің ауласына есірткі еккен тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары есірткі қылмысымен күресуді тоқтаусыз жалғастырып келеді. Осы тұрғыда Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық шарасы кезінде есірткі еккен тұрғынды анықтады.
Яғни, ер адамның ауласын тінтіген полицейлер ауладан есірткі затына ұқсас үш түп өсімдікті тапты. Полицейлер өсімдікті айғақты зат ретінде тәркілеп, сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысы оның сора есірткісі екендігін растады. Тәртіп сақшылары күдікті ер адамды полиция бөліміне жеткізді.
Анықталғандай, ер адам ауданға қарасты егістік алқаптың шетінен сіріңке қорабын тауып алған. Оның ішіндегі заттың есірткі затына ұқсас екендігін біліп, өсіру үшін арнайы үйіне алып келген. Яғни, күдікті ер адам оны өзі пайдалану мақсатында ауласына еккен.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.