Жетісайлық полицейлер жоғалған жасөспірім қызды тапты
Жетісайлық полицейлер жоғалған жасөспірім қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның 15 жастағы қызы үйінен ешкімге ескертпестен шығып кетіп, оралмаған. Жақындары өздіктерімен іздегенімен, еш нәтиже шықпаған.
Ақпарат алысымен полицейлер аталған жайтты тіркеп, бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Учаскелік полиция инспекторлары жасөспірім қыздың туыстарымен бірге іздеу шараларын жүйелі жүргізді. Жасөспірімнің баруы, хабарласуы мүмкін дос-туыстарынан жауап алынды.
Қоғамдық көліктер, такси жүргізушілерінен сұрастырылды. Соның нәтижесінде 15 жастағы қыз аудандағы колледж маңынан табылды.
Яғни, полицейлер бірнеше сағат ішінде жоғалған қыздың жүрген жерін анықтады. Ол колледждегі достарына барған болып шықты.
Қызымен қауышқан анасы полицейлерге өз алғысын білдірді.
– Жоғалған қызымды тауып берген полиция қызметкерлеріне рақметімді айтамын. Жұмыстарыңыз алға баса берсін, – деді жасөспірімнің анасы.