Жетісайлық тұрғын билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін жауапқа тартылды
Жетісайлық тұрғын билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне кешкі сағат 18:00-дер шамасында «102» сымтетігі арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, көмек сұраған. Ол әйелдің айтуынша, үйінде тұрмыстық жанжал орын алған. Аталған жайтқа байланысты оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті. Осы кезде жәбірленуші азаматшаның күйеуі тәртіп сақшысына қарсылық танытады. Өз қызметін атқармақ болған тәртіп сақшысының заңды талаптарына бағынбай, дөрекі мінезін көрсете бастайды. Билік өкіліне тіл тигізіп, балағат сөздермен қорлап, аузына келгенін айтады. Тәртіп сақшысы сабырға келуін сұрағанымен, құқық бұзушы заңға бағынбай өзінің теріс әрекеттерін жалғастырған. Тіпті учаскелік полиция инспекторына күш қолданып, себепсіз ұрған.
Орын алған оқиға Жетісай АПБ-мен СДТБТ-ға енгізіліп, ҚР ҚК-нің 380-бабы (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша тіркелді. Осыған байланысты полицейлер билік өкіліне қарсы келіп, балағаттап, күш қолданған тұрғынды ұстап, ПБ-ге жеткізді. Оған қатысты медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес оның есірткі тұтынғаны анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.
Тергеу барысында анықталғандай құқық бұзушы азамат бұдан алдын да ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша екі рет жауапкершілікке тартылған.
Өз кезегінде қызметтік міндетін атқаруға келген билік өкілдеріне күш қолданудың соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ескертеді. Сондықтан қарсылық көрсетіп, құқық бұзушылық жасағанша, өз қауіпсіздігіңізді ескеріп, заң талаптарына бағынғандарыңыз жөн. Егерде сіз осындай оқиғалардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз полицейлерге тез арада хабар беріңіз!