Жетісайлық жігіт танысының ақшасы мен алтын бұйымдарын ұрлап кетті
Жетісайлық жігіт танысының ақшасы мен алтын бұйымдарын ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Яғни, ол полицейлерге танысының көлігінде тұрған сөмкесінен 475 мың теңге ақшасы мен 500 мың теңгенің алтын бұйымдары жасырын ұрланғандығын жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі бір млн теңгеге жуық.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ұрлық қылмысы жайлы ақпарат алысымен полицейлер бірден әрекет етті. Күдіктіні ұстау үшін жан-жақты жұмыс жасады. Жол бойында орналасқан бейнебақылау камераларын көріп, жақын аумақтарды аралап шықты. Жетісай тәртіп сақшыларының қырағы, тәжірибелі қызметтерінің нәтижесінде, аталған қылмысқа қатысты күдікті небәрі үш сағаттың ішінде Жетісай қаласынан ұсталды.
Күдікті мен жәбірленуші арасында қарым-қатынас болып, олардың арасында өзара түсініспеушілік орын алған. Соның нәтижесінде, жас жігіт осындай әрекетке барған. Күдікті бұған дейін сотты болмаған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.