Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облыстық ПД Наурыз мерекесіне орай іс-шара өткізді

Жетісу облысының полиция қызметкерлері үшін “Динамо” спорт кешенінде “Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні” мен “Ұлттық спорт күні” сынды екі маңызды мерекені біріктірген іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция департаменті мен “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамы басшылығы жеке құрам үшін спорттық жарыстар ұйымдастырып, бұл мерекенің алғашқы кезеңі болды. Полицейлер түрлі спорт түрлерінде күш, жігерлік және командалық рухты көрсетіп, тек кәсіби шеберліктерін ғана емес, сонымен қатар спорттық дайындықтарын да көрсетті. Жарыстар нәтижесінде бірінші орынды Ескелді ауданының командасы жеңіп алса, екінші орын Текелі қаласына, ал үшінші жүлделі орын Ақсу ауданына бұйырды.

Спорттық сайыстардан кейін командалар “Ұлттық дәстүрлер театрландырылған қойылымын” ұсынды. Қатысушылар қазақ халқының мәдени мұрасын, салт-дәстүрлер мен ұлттық киімдердің ерекшеліктерін көрсетті. Ерекше номинациялар бойынша да үздіктер анықталды: “Жауынгер” аталымында Панфилов ауданынан Сабырбаев Алмас жеңімпаз атанса, “Үздік ұлттық киім” номинациясында Кербұлақ ауданынан Жексембаева Алтынай топ жарды.

Мерекенің қорытынды кезеңі “Ұлттық тағамдар фестивалі” болды. Әр команда дәстүрлі ас мәзірін ұсынып, тағамдарының шығу тарихы, маңызы және дайындау ерекшеліктері туралы айтып берді. Ортақ дастархан жайылып, қатысушылар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің ерекше атмосферасын қалыптастырды.

Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасы командалардың өнерін бағалап, үздіктерді марапаттады. Жеңімпаздар құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды. Ал бұл мереке Жетісу полицейлерінің бірлігі мен мәдени сан алуандықтың символына айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру