Жетісу облысы ПД басшылығы жас қызметкерлермен кездесу өткізді
Жетісу облысы ПД басшылығы жас қызметкерлермен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров жас қызметкерлермен кездесу өткізді. Іс-шара барысында ол "Заң мен тәртіп" қағидатын қатаң ұстанудың, қызметке адалдық, тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Өз сөзінде Мадияр Омаров полиция қызметкері үшін басты міндет — заңға, қабылдаған антқа және халыққа адал қызмет ету, құқықтық нормаларды бұлжытпай сақтау екенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіби этика талаптарын орындау, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен сабырлылық таныту және қабылданған әрбір шешім үшін жеке жауапкершілік алу қажеттігін жеткізді.
Кездесу барысында жеке құраммен жұмыс жасау инспекциясының қызметкерлері де сөз сөйлеп, жас мамандарға "Заң мен тәртіп" қағидасы аясында қызметтік тәртіпті сақтау, моральдық-психологиялық тұрақтылықты нығайту және кәсіби дамудың негізгі бағыттары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай кездесулер жас қызметкерлердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына, құқықтық мәдениетін арттыруға және қызметтік тәртіпті нығайтуға бағытталған.
