Жетісу облысы ПД-да ерлікпен қаза тапқан милиция ардагерін еске алу шарасы өтті
Жетісу облысы ПД-да ерлікпен қаза тапқан милиция ардагері Александр Емельяненконы еске алу шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облыстық полиция департаментінде қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан милицияның аға сержанты Александр Емельяненконың отбасымен естелік кездесу өтті.
Александр Иванович ішкі істер органдарында адал қызмет етіп, өз ісіне берілгендігімен, қағидаттылығы мен адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленген жан еді. 1977 жылы ол қоғамдық тәртіпті қорғау барысында қызмет бабында ерлікпен қаза тапты. Бүгінде оның есімі қазақстандық полиция тарихында антына адалдықтың, батырлық пен парыз алдындағы жауапкершіліктің символына айналған.
Полиция департаментінің басшылығы марқұмның отбасы мүшелерін құрметпен қарсы алып, олармен жылы жүздесу өткізді. Шара аясында мәңгілік алау маңына гүл шоқтары қойылып, ерлікпен қаза тапқан милиция қызметкерінің рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Бұл — оның Отан алдындағы борышына деген терең тағзым мен ризашылықтың белгісі.
Кейін қонақтар департамент музейін аралап, Александр Емельяненконың қызметтік жазбалары мен мұрағаттық құжаттарымен танысты. Батыр қызметкердің адалдығы мен кәсібилігі, адамдарға көрсеткен көмегі — жас тәртіп сақшылары үшін өнегелі үлгі ретінде сақталып келеді.
Мұндай есімдер – тарихтың қойнауында қалып қоймай, жас ұрпақтың бойына патриотизм мен кәсіби жауапкершілікті сіңіретін рухани тірек. Александр Емельяненко сынды ержүрек азаматтар – ішкі істер саласының даңқын арттырған тұлғалар. Олардың ерлігі ұмытылмайды, жадымызда мәңгі сақталады.