Жетісу облысы ПД қызметкері "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды
Елордада ішкі істер органдарының үздік қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Бұл шара – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздік жолында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің батылдығы мен адалдығына көрсетілген жоғары құрметтің айғағы болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы Жарлығына сәйкес, саланың үздік өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті.
"Ерлігі үшін" медалімен Мұхтар Нұрмұхамбетов марапатталды. Ол адам өмірін құтқару кезінде кәсіби шеберлік пен нағыз ерлік үлгісін көрсетті.
Биылғы жылдың 23 наурызында Ескелді ауданында төтенше жағдай тіркелді: техникалық тоғанда қайық аударылып, екі азамат мұздай суда жағаға шыға алмай қалған. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен полиция қызметкерлері Мұхтар Ғалымжанұлы мен Байбол Бекқазы азаматтарды құтқаруға кіріседі. Мұхтар Ғалымжанұлы еш ойланбастан суға қойып кетіп, екі ер адамды аман алып шыққан. Бұл әрекет – оның батырлығы мен антына адалдығының айқын дәлелі.
Құрмет грамотасы Жетісу облысы бойынша ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның ардагері Есенгелді Төлегенұлына табысталды. Ол ішкі істер жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі, қоғамдық белсенділігі және Отанға адал қызметі үшін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың қолынан марапат алды.
Салтанатты жиын барысында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан батырлар да еске алынды. Солардың бірі – Жетісу облысының учаскелік инспекторы Алмас Алинов. 2006 жылы ол Ақтұбек ауылындағы отбасылық жанжалға қатысты шақыртуға барған кезде мас күйіндегі ер адамнан әйел мен балаларын қорғау үшін өз өмірін қатерге тігіп, ауыр жарақат алып, қаза тапқан еді.
Алмас Иманмалықұлының ерлігі – батылдық пен қызметке адалдықтың мәңгілік үлгісі. Артында жұбайы Айнагүл Алинова мен үш баласы қалды. Айнагүл Әділжанқызы бүгінгі күні де жолдасының ізін жалғап, ішкі істер органдарында абыроймен қызмет атқарып келеді. Алмас Иманмалықұлының есімі ел жадында сақталып, ол "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен қайтыс болғаннан кейін марапатталды.
Полиция қызметі – күн сайын батылдық пен төзімділікті, ең бастысы, Отан мен халыққа адалдықты талап ететін ауыр әрі жауапты міндет. Салтанатты жиында құқық қорғау саласының барлық өкілдеріне ел тыныштығын сақтаудағы еңбектері үшін алғыс білдірілді.
Бұл марапаттау рәсімі – тек ерлік иелерін ұлықтау ғана емес, сонымен қатар қазақстандық полицейдің басты құндылықтары – батырлық, адалдық пен абыройдың мәңгілік символына айналды.
