Жетісу облыстық ПД-да Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті
Жетісу облысы полициясында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
15 ақпан - айрықша мағынаға ие күн. Біреулер үшін бұл күн әскери науқанның аяқталғанын білдірсе, енді біреулер үшін майдан даласында қалған қаруластарын еске алу, бастан өткерген сынақтарды саралау және уақытпен өлшенбейтін азаматтық борышты қадірлеу күні.
Осы күні Жетісу облысы полиция департаментінде Ауған соғысы ардагерлерімен тағылымды әрі мазмұнды кездесу өтті. Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің құрамында бүгінде де белсенді еңбек етіп жүрген, жастық шағы Ауғанстандағы ауыр сындармен тұспа-тұс келген азаматтар бар. Олардың өмір жолы – жай ғана тарих беттері емес, ерлік пен төзімділіктің, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Іс-шара барысында ардагерлер жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімінің қызметімен танысты. Бөлім қызметкерлері қазіргі қызмет бағыттары, жеке құрамның кәсіби даярлық деңгейі туралы баяндап, материалдық-техникалық мүмкіндіктерін көрсетті. Ардагерлер үшін бұл – өздері бір кездері күш-жігері мен денсаулығын арнаған қызметтің қалай дамып жатқанын көріп, ерлік пен жауапкершілік дәстүрінің жаңа буын арасында лайықты жалғасып келе жатқанына көз жеткізуге мүмкіндік болды.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі мәжіліс залындағы ашық әңгіме болды. Ардагерлер қызмет жылдарын, қиын жағдайда шыңдалған жауынгерлік бауырластықты, туған жерден жырақта жүріп өткерген ауыртпалықтарды еске алды. Олардың әңгімелерінен тек қана қасірет емес, сонымен бірге адал атқарылған борышқа деген мақтаныш та сезілді.
Жас қызметкерлерге арнаған сөзінде ардагерлер шынайы қызмет тек кәсіби шеберлікті ғана емес, ішкі беріктік пен сабырды, антқа адалдықты талап ететінін атап өтті. Олардың ақыл-кеңесі ұрпақтар сабақтастығы – дәстүр мен қоғам алдындағы жоғары жауапкершілікті сақтаудың негізі екенін тағы бір мәрте айқындады.
