Жетісу облысында 17 шетелдік азамат елден шығарылды
Жетісу облысында 17 шетелдік азамат елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Профилактикалық іс-шараның 5 күнінде Жетісу полицейлері ҚР заңнамасын бұзғаны үшін көрші елдердің 17 азаматы ел аумағынан шығарды. Бұл туралы облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Раймбеков Жетісу өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте айтты.
– Жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері құрылыс алаңдарына, қонақүйлерге, жатақханалар мен азаматтардың көп жиналатын орындарында заңсыз жүрген шетелдік азаматтардың анықтау бойынша тексеру жүргізді. Небәрі 5 күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 388 дерегі анықталса, оның 249 шетелдіктер, қалған 139 дерегін Қазақстан Республикасының азаматтары жасаған, оның ішінде 23-і – шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді ҚР заңнамасын бұза отырып тарту бойынша болған. Сот қаулысымен 17 шетел азаматы өрескел заң бұзушылық жасағаны үшін елден шығарылды. Сондай-ақ іс-шара барысында іздеуде жүрген екі азамат ұсталып, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 20 адам қабылдау-тарату орнына жеткізілді, – деді ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбеков.
Тәжірибе көрсеткендей, шетелдік азаматтардың көпшілігі еңбек қызметімен айналысу мақсатында елге кіреді. Оларды еңбек қызметіне тарту мәселелері заңнамамен реттелген, сондықтан полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттігін еске салады.
– Қазақстан тарапынан қабылдаушы тұлғалар көші-қон қызметіне шетелдіктің келгені туралы хабарлауға міндетті екенін еске саламыз. ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында көшіп келушілердің келуі мен болу қағидаларының» 9-тармағына сәйкес шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздерінде болып жүрген көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті екенін түсіндіреміз. Бұл хабарлама міндетті түрде шетел азаматы келген күннен бастап үш жұмыс күн ішінде беріледі. Көрсетілген мерзімді өткізіп алған және иммигранттың болуы туралы ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда, Қазақстанда қабылдаушы жеке және заңды тұлға 518-бап бойынша, ал заңды бұзған шетелдіктер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабы бойынша жауапқа тартылатынын ескертемін. Жеке және заңды тұлғалар иммигранттың келгені туралы тікелей «e-Qonaq» электрондық визалық көші-қон порталы арқылы хабарлай алады, – деп толықтырды Е.Райымбеков.