Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзу деректері анықталды

Жетісу облысында екі күн ішінде 200-ден астам көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге бағытталған "Заңсыз келуші-2025" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Екі күн ішінде өңір полицейлері 209 құқық бұзушылықты тіркеді. Оның 148-і шетел азаматтары, ал 61-і Қазақстан азаматтары тарапынан жасалған.

Полиция дерегінше, 148 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағында болу және тұру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 46 қазақстандық азамат шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау тәртібін сақтамағаны үшін жауап берді. Тағы 15 адам шетелдік жұмыс күшін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Іс-шара аясында шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу мерзімі қысқартылды. Сот шешімімен 14 құқық бұзушы елден тысқары шығарылатын болды.

Сондай құқық бұзу жағдайлардың бірі Кербұлақ ауданында тіркелді. Полицейлер Кербұлақ өңірінде құжатсыз, заңсыз еңбек етіп жүрген 29 шетел азаматын анықтады. Барлығы жеке тұлғасын анықтау мақсатында қабылдау-тарату орнына жеткізілді. Ал шетелдік жұмысшыларды заңсыз түрде тартқан жұмыс берушіге қатысты заңда көзделген шаралар қолданылды.

"Заңсыз келуші-2025" алдын алу операциясы жалғасуда. Ішкі істер органдары көші-қон саласындағы бақылауды күшейтіп, заңнаманы сақтау – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің басты кепілі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру