Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында аулалар мен тұрғын үй алаптарындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті

Жетісу облысында аулалар мен тұрғын үй алаптарындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов төрағалығымен ұйымдастырылып, оған тұрғын үй кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары, сондай-ақ қалалық полиция басқармасының басшылығы қатысты.

Кеңес барысында үш негізгі бағыт талқыланды: тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің учаскелік полиция инспекторларымен өзара іс-қимылы, аула ішіндегі аумақтарда жол қозғалысын ұйымдастыру және Мемлекет басшысы қол қойған "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" жаңа заң нормаларын түсіндіру.

2 наурыздан бастап күшіне енетін заң профилактика субъектілерінің аясын кеңейтетіні атап өтілді — енді олардың қатарына мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары да ресми түрде енгізіледі. Бұл олардың аулалар мен тұрғын үйлер деңгейінде қауіпсіз орта қалыптастырудағы рөлін арттыра түседі.

Кездесуде сервистік полиция моделін дамытуға және халықпен серіктестікті нығайтуға ерекше назар аударылды. Учаскелік инспекторлар тұрғындармен тұрақты байланыста болып, олардың өтініштеріне жедел ден қоятыны айтылды.

- Қауіпсіздік аула мен кіреберістен басталады. Тек полиция мен тұрғындардың тығыз ынтымақтастығы арқылы ғана шынайы қауіпсіз орта қалыптастыруға болады, — деді Жасұлан Құдайбергенұлы.

Кеңес қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар қосымша пысықталып, бірқатар бастамалар бойынша нақты шешімдер қабылдау жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру